Павлодар облысында орманға кіруге шектеу қойылды

Павлодар облысында орманға кіруге шектеу қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұндай шектеулер табиғатты өрттен қорғау үшін қолға алынып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мемлекеттік мекемесі мәлімдеді.

– Өрт қаупі жоғары кезеңде мемлекеттік орман қорына баруға тыйым салынады. Ыстық әрі құрғақ ауа райының басталуына байланысты Павлодар облысының аумағында орман өрттерінің шығу қаупі айтарлықтай артады. Орман өрттерінің алдын алу және табиғи ресурстарды сақтау мақсатында мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіптілігінің IV және V сыныптары белгіленген кезде азаматтардың болуына, көлік құралдарының кіруіне, сондай-ақ орман қорғау қызметтерінің қызметіне қатысы жоқ жұмыстарды жүргізуге толық тыйым салынады, – дейді резерваттағылар.

Орманшылар мемлекеттік орман қоры – ұлттық байлық әрі маңызды экологиялық қызмет атқаратынын атап өтті. Әсіресе, биоалуантүрлілікті сақтайды, климаттық үдерістерді реттейді, топырақ пен су ресурстарын қорғайды. Тіпті бір ғана абайсыз әрекет ауқымды өртке, орман алқаптарының жойылуына, жануарлардың қырылуына және елеулі материалдық шығынға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

Еске сала кетейік, өрт қауіпті кезеңде мемлекеттік орман қоры аумағында от жағуға, ашық отты пайдалануға, қоқысты, құрғақ шөпті және өзге де жанғыш материалдарды өртеуге, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелерді тастауға, өрт шығуына себеп болуы мүмкін жұмыстарды жүргізуге, орманға баруға шектеу немесе тыйым енгізілген кезде орман аумағында болуға тыйым салынады.

– Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, ал ірі материалдық шығын келтірілген немесе орман өрті туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – дейді мамандар.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мемлекеттік мекемесі өңір тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға, өрт қауіптілігі сыныбы және орманға баруға қойылатын уақытша шектеулер туралы ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.