Палодарда Достық үйінің негізін қалаған жандар бас қосты

Палодарда Достық үйінің негізін қалаған жандар бас қосты
Фото: Константин Шелков

Қоғамдық келісім сарайында Достық үйінің 15 жылдығын мерекелеу аясында кездесу өтті, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz

Шарада мекеме құрылысы аяқталғаннан кейін басшылық етіп, Ассамблеяның дамуына үлес қосып, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына жинаған тұлғалар бас қосты. Олар 15 жылда атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, естеліктерімен бөлісті.  Мұндай жандардың бірі – Достық үйінің алғашқы директоры Ырымтай Шөкеев бұл мекемені бес жылдан астам уақыт басқарған. 

– Ең бірінші кезең қызметкерлерді кабинеттерге бөлумен басталды. Ал әрі қарай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жұмыстарын өздері жүргізді. Өздерінің салт-дәстүрлерін насихаттаумен айналысты және бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып келеді, – дейді мекеменің алғашқы директоры Ырымтай Шөкеев.

Достық үйінің ашылуы кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болған Идият Әбдіқалықов қазіргі таңда  Ақсақалдар кеңесін басқарады. Ал 2012-2019 жылдары Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған  Сейсембай Жетпісбаев ғылыми және қоғамдық қызметін жалғастыруда. Облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясы  ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі,  С.Торайғыров университетінің «Басқару және саясаттану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры. 

Айта кетейік, биыл Достық үйінің құрылғанына 15 жыл толды.  Мекеме 2008 жылғы 30 қыркүйектен бастап бір шаңырақ астында 24 этномәдени бірлестік, ассамблеяның жастар қанатын, ұлттық жаңғыру мектебін біріктіреді. Сондай-ақ қазақстандық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстанның этностық топтарының дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін сақтау, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруға ықпал етеді.