Павлодар облысында қараусыз жайылған мал иесі жазаланды

Жануарлар тас жолда түнде жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жылқылар мен сиырлар Атамекен – Курчатов республикалық тас жолында қараусыз жайылған.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер жануарларды жолдан шығарып, арнайы белгіленген жерге апарды. Рейд барысында Май ауданының Саты ауылының екі тұрғыны түнде қараусыз жүрген мал үшін жауапқа тартылды. Олармен түсіндірме әңгіме жүргізілді.
– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елді мекендерде және жол бойында мал жаю белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Жануарлардың бақылаусыз жүруі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін апатқа әкелуі мүмкін, – деді полиция қызметкерлері.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарды жайылым ережелерін сақтауға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.