Павлодар облысында орманшылықта өрт шықты
Өрттің таралу қаупі жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 шілдеде сағат 15.28-де Шарбақты ауданындағы «Ертіс-Орманы» орманшылығында жалпы ауданы 1,4 га құрғақ ағаштар жанған.
– Орманшылар ішкі байланыс арнасы арқылы ТЖД қызметкерлеріне жедел ақпарат беріп, өрт сөндіру қызметі дереу оқиға орнына барды. Орманшылық қызметкерлеріне Павлодар облысы ТЖ департаментінің жеке құрамы мен техникасы көмек көрсетуде, – деді департаментте.
Өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде өрт сағат 18:05-те оқшауланды. Тілсіз жауды сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт қаупін азайту үшін орманда қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.