Павлодар облысында отбасын шулатқан жүзге жуық тұрғын қоғамдық жұмысқа жегілді
Өңірде отбасылық жанжал шығарғандарға қолданылатын жаңа әкімшілік жаза түрі белсенді жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, елде 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілген қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы өңірде нәтиже бере бастаған. Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзған 97 жергілікті тұрғын сот шешімімен қоғамдық пайдалы еңбекке тартылды.
Мәселен, Павлодар қаласында әйеліне дене жарақатын келтірген тұрғынды сот кінәлі деп танып, оған 80 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындады. Ал Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында мас күйінде бұрынғы жұбайына жанжал шығарып, балағаттаған ер адам 40 сағат қоғамдық жұмыс орындауға міндеттелді.
– Бұл шараны қолдану құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тәртіпке, заңға және басқа азаматтарға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.
Сондай-ақ полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі заң алдында жауапсыз қалмайтынын және жаза шаралары әрі қарай да қатаң қолданылатынын ескертеді.