Павлодар облысында отырғызылған әр он көшеттің алтауы жерсінбейді
Құрғақшылық ағаштың өсуіне кері әсер етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы облыста жалпы ауданы 4 098 гектар жерге шамамен 23 миллион көшет отырғызу жоспарланған.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаевтың айтуынша, биылғы жұмыстың басым бөлігі «Ертіс орманы» резерватына тиесілі.
– Мемлекеттік қорда 2828 гектарға 15 миллионға жуық түп отырғызу қарастырылған. Қазір белгіленген көлемнің 2006 гектарында жұмыс аяқталды. Мұнда шамамен тоғыз миллион қарапайым қарағай егілді. Ал Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде биыл 20 гектарға 103 мың көшет отырғызу көзделген. өсімдіктердіңБүгінде 19 гектарға 86 мың жас өскін егілді. Қалған бөлігін күзгі маусымда аяқтау жоспарлануда, – деді ол.
Шамиль Елубаевтың сөзінше, орманды қалпына келтірудегі негізгі мәселелердің бірі –отырғызылған көшеттердің сақталуы. Павлодар облысы бойынша отырғызылған өсімдіктердің кемінде 70 пайызы жерсінеді. Алайда былтыр өңірдің мемелекеттік орман қорында орташа көрсеткіш шамамен 40 пайыз деңгейінде болды.
– Биылғы орманды қалпына келтіру ісіндегі басты мәселені ауа райының қолайсыздығымен байланыстырамыз. Көктемнен бері жауын-шашын аз түсіп, ауа температурасы жоғары болды. Орман алқаптарының көлемі ауқымды болғандықтан, барлық жас өскінді тұрақты суару мүмкін емес, – деді бөлім басшысы.
Жаңа ағаштар негізінен өрттен кейінгі учаскелер мен ағаш кесілген орындарға егіледі. Дегенмен «Ертіс орманы» аумағында бұрынғы өртенген алқаптардың шамамен 90 пайызы игерілген. Осыған байланысты мамандар шабындық пен жайылым санатындағы жерлерді де орман өсіруге пайдалануды қарастыруда.
Болашақта орман қорының топырағы зерттеліп, жоба әзірленбек.