Павлодар облысында полицейлер балалар арасында шығармашылық байқау жариялады

Оған 9 жастан 15 жасқа дейінгі балалар қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Менің полициям» атты республикалық балалар байқауы өз отбасына, еліне деген сүйіспеншілікті ояту және полицейлердің оң имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Ол 25 қазан мен 25 қараша аралығында өткізілетін болады. «Менің әкем - полиция қызметкері», «Бала - басты жолаушы», «Есірткіге жол жоқ», «Полиция - қауіпсіздік тірегі» және «Мектеп қауіпсіздігі» тақырыбында эссе жазу керек.
Екінші, яғни бағалау кезеңі 4-14 желтоқсан аралығында өтеді. Комиссия мүшелері қатысушылар арасында жеңімпаздарды анықтайды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделер берілетін болады.
– Байқаудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі, өзектілігі, авторлық тұжырымдаманың дербестігі, материалдардың объективтілігі, стилі, мазмұн тілі, идеяның бірегейлігі, әдеби-көркемдік құндылығы, эстетикалық әсердің тереңдігі деген критерийлер басшылыққа алынады,– деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Эсселерді бағалау кезінде баланың жасы: 9 - 11 жас (100-120 сөз), 12-15 жас (120-150 сөз) ескеріледі. Жұмыстар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады. Байқауға 9-15 жас аралығындағы оқу орындарының оқушылары қатыса алады.
Байқаудың үздік жұмыстары ҚР Ішкі істер министрлігіне жолданып, ведомстволық БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Өтінімдер мен жұмыстар 25 қарашаға дейін қабылданады. Жұмыстарды Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметінің электрондық мекенжайына Pressa-pvl@mail.kz немесе 8 (776) 824-55-55 WhatsApp нөміріне жолдау қажет.