Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожол жабылды

Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожол жабылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауа райының нашарлауына байланысты қозғалыс шектелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 6 наурыз күні сағат 17:30-да Қарағанды облысында қолайсыз ауа райы (боран, жолдың көрінбеуі) салдарынан «Қызылорда – Павлодар» автожолының 1135-1206 шақырымындағы, яғни Шідерті кентінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскесінде барлық автокөлік түрлеріне қозғалыс тоқтатылды.

Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді ұзақ сапарлардан бас тартуға, ауа райының өзгерістерін бақылауға және SMS-хабарламаларға назар аударуға шақырады. Ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға қолайсыз ауа райында алыс қашықтыққа жаяу шығудан аулақ болу ұсынылады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірыңғай құтқару қызметінің 112 немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет.