Павлодар облысында қылқалам ұшындағы ғасыр ізін көрсететін көрме ашылды

Бұл экспозициялар Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сурет жинағында ХХ ғасырдың 60–70 жылдарын қамтитын 41 түпнұсқа туынды ұсынылған. Бұл еңбектер әр дәуірдің көркемдік бейнесін жеткізіп қана қоймай, қазақ кескіндемесінің даму тарихындағы жаңа кезеңдерді айқын көрсетеді.
– Молдахмет Кенбаев – Қазақстан кескіндемесінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі, халық суретшісі. Оның еңбектері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, кең-байтақ даласына және тарихи оқиғаларына арналды. Жамкен Серікбаев – Павлодар өңірінің төл перзенті. Ол туған жер табиғатын, шағын қаланың өмірін, ауыл тұрмысын суреттеуде ерекше танылды. Пейзаждық туындылары сулы бояу техникасында орындалған. Ал, Анатолий Горовых – Ұлы Отан соғысына қатысушы, Қазақстанның кәсіби суретшілерінің бірі. Оның еңбектері еңбек тақырыбымен және қазақ даласының бейнелерімен ерекшеленеді, – деді облыстық көркемсурет музейінің экскурсия бөлімінің маманы Динара Қайдар.
Биыл аталған суретшілердің туғанына 100 жыл толып отыр. 1925 жылы дүниеге келген үш тұлға қазақ бейнелеу өнерінде айрықша із қалдырды.
– Көрме атауы «Қылқалам ұшындағы ғасыр ізі» де ерекше мәнге ие. Ол суретшілердің шығармашылығы бір ғасырды қамтып, кеңестік кезеңнің көркемдік дәуірін бедерлегенін аңғартады, – деді Динара Қайдар.
Оның айтуынша, туындылардың көпшілігі фигуративтік сипатта болғанымен, басты ерекшелігі – алғашқы әсерден туған эмоциялық, символдық бейнелер. Дала өмірі, ұлттық тақырыптар мен мәдени дәстүрді арқау ету – шығармаларының түпкі мәнін айқындап, туған жерге, халқына деген махаббаты мен еңбекті дәріптеді. Сол уақыттан бастап тақырыптық кескіндеме қазақ бейнелеу өнерінің басты бағыты болып, рухани-философиялық ізденістердің кеңістігіне айналды.
Көрме 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында бір ай бойы Павлодар көркемсурет музейінде өтеді. Бұл уақыт аралығында өңір тұрғындары мен қала қонақтары қазақ кескіндемесінің бірегей туындыларымен танысуға мүмкіндік алады.