Павлодар облысында республикалық жолға орташа жөндеу жүргізілуде
Орташа жөндеу жұмысы «Астана – Павлодар – РФ шекарасы» тасжолында жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жөндеу жұмыстары автомобиль жолының 230,544-253,120 шақырым аралығындағы учаскеде жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 22,576 шақырымды құрайды.
Мердігер ұйым жолдың 0,2 шақырымында ескі асфальт жабынын жонып, 22,4 шақырымында суық жону әдісімен жол негізін нығайтқан. Сондай-ақ дәл осы аралыққа ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасының төменгі қабаты төселген.
Жөндеу жұмыстарына 46 маман мен 29 бірлік арнайы техника тартылған.
Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін аталған учаскенің көлік-пайдалану сапасы жақсарып, өңірдегі жол қозғалысының қауіпсіздігі мен көлік қатынасының тиімділігі артады.