Ақсуда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда

Ақсуда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақ басшысы инженерлік желілерді жаңарту, жылу, су және электрмен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының негізгі мәселелерінің бірі – инженерлік желілердің тозуы. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жергілікті тұрғындармен кездесуде ағымдағы жылы инженерлік желілерді жаңартуға үш миллиард теңге бағытталып, нәтижесінде төрт шақырымнан астам жылу желілері жөнделгенін атап өтті. 

– Жүргізілген жұмыстар жылу желілеріндегі технологиялық ақаулар санын едәуір азайтып, жылыту маусымының апатсыз өтуіне мүмкіндік берді, – деді Асайын Байханов. – РОК-2 қазандығында сегіз желілік сорғының бесеуі ауыстырылып, қазан агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Жол картасы аясында Астана, Пушкин, Набережная және Қамзин көшелерінде орналасқан 40 көппәтерлі тұрғын үйдің жылумен қамтылу сапасы жақсартылды.

Жылу тораптарын орнату арқылы жүйелердің жұмыс режимдерін реттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Келесі жылы Ленин және Астана көшелеріндегі жылу желілерін қайта жаңғырту басталмақ. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 870 миллион теңге бөлінген.

– Жаңа қазандықты іске қосу мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Биыл Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп арнайы Жол картасы әзірленіп, онда проблемалық мәселелерді шешу және қазандықты тамыз айында іске қосу бойынша нақты іс-шаралар қарастырылған, – деді облыс әкімі. 

Сумен жабдықтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Екі жыл бұрын басталған магистральдік су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары биыл толық аяқталды. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы, Астана, Қамзин, Әуезов, Ленин және К. Маркс көшелерінде орналасқан жалпы ұзындығы шамамен 15 шақырым болатын желілер жаңартылған. Бұл тозу деңгейін 14 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Ал 2026 жылы су бұру нысандарын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен үш миллиард теңге бөліну жоспарланып отыр. Коллекторларды қалпына келтіру жұмыстары жалғасын таппақ.

– Қазіргі таңда электр желілерінің тозу деңгейі 70 пайызды құрайды. Осыған байланысты келесі жылы Үштерек және Достық ауылдарында электр желілері қайта жаңғыртылып, Жолқұдық ауылында жаңа трансформаторлық қосалқы станция орнатылады, – деді аймақ басшысы. 

Бүгінде Павлодар қаласындағы көшелердің 98 пайызы көше жарығымен қамтамасыз етілген. Облыс әкімі 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу үшін жүйелі әрі жоспарлы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ қалаға қарасты ауылдық елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Үштерек ауылында сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды, Сарышығанақ ауылында көше жарығы жөнделді, Қалқаман ауылында жаңа қазандықтар мен су-блоктық модуль орнатылды, ал Алғабас ауылына дизельді электр станциясы сатып алынды.

Айта кетейік, бұл жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.