Павлодар облысында шахмат қарқынды дамуда

Павлодар облысында  шахмат қарқынды дамуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2024 жылы Шахмат федерациясы жергілікті шахматшыларға 3,5 миллион түрінде демеушілік көмек көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық бөлімінің басшысы Талғат Сәкен қазіргі таңда өңірде шахмат спорт түрі өте қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.

– Өңірде шахматпен 12 мыңнан астам адам айналысады. 228 жаттықтырушы бар. Олардың тоғызы балалар және жасөспірім спорт мектептерінде штатты режимде жұмыс істейді. Облыста балалар- жасөспірімдер спорт мектептерінде, Ақтоғай, Ертіс, Баянауыл аудандарында шахмат үйірмелері бар және өте қарқынды дамуда. Үйірмеге балалар 7 жастан 18 жасқа дейін қабылданады, – деді Талғат Сәкен. 

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған шахмат үйірмесі бар. Онда спортшылар 10 жастан бастап қабылданады.   

Бұдан басқа, президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап дамып келе жатқан Арт-спорт бағдарламасы арқылы өңірде 500-ге жуық бала шахматпен айналысады.

– Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы шахматты дамытуды қолдауды жалғастырады. Өйткені нәтиже бар. Республикалық жарыстарға, азиадаларға, чемпионаттарға қатысатын балаларды тұрақты негізде іс-сапарға жіберудеміз. Соның нәтижесінде 2024 жылы шахматтан Азиада мен Қазақстан чемпионатын жеңіп алған спортшылар бар, – дейді бөлім басшысы. 

Оның айтуынша, басқарма қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясымен тиянақты жұмыс істеуде.  2024 жылы Павлодар облысының Шахмат федерациясы жарыстар өткізу, сондай-ақ спортшыларды түрлі спорттық іс-шараларға іс-сапарға жіберу үшін 3,5 миллион теңге түрінде демеушілік көмек көрсеткен.

Оған қоса,  Павлодар қаласында шахматтан жаттықтырушыларды дайындауға қосымша шахматтан бөлім ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Екібастұз, Ақсу мен бірнеше ауданында Қазақстан Республикасының резервіне енетін шахматшыларды тәрбиелеу үшін шахмат үйірмесін ашу қарастырылмақ. Бұл – Ертіс, Баянауыл, Аққулы, Тереңкөл ауданы, себебі онда әлеуетті шахматшылар жеткілікті.