Павлодар облысында шегірткеге қарсы күреске 90 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді

Өңдеу жұмыстары жазда басталмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов шегірткеге қарсы күреске дайындықты және шыбын-шіркейге қарсы жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмыстарды тексерді.
– Шегірткелердің жаппай көбеюіне қарсы 48,3 мың гектар жерді өңдеу жоспарлануда. Соның ішінде 19,6 мың гектар алқап ең үлкен қауіп төндіретін зиянкес - үйірлі шегірткенің италиялық прус түріне қарсы өңделетін болады. Қазіргі уақытта мониторинг жүргізіліп, шегіртке қуыршақтарының дамуының әр кезеңі бақылануда, – деді облыс әкімі.
Ғылымның ұсынысы бойынша жұмыстар маусым айынан басталады. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттерден 89 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Біздің міндетіміз – зиянкестердің қанаттанып, жаппай ұшып шығуына жол бермеу, өңір тұрғындарын шыбын-шіркейден қорғау, сондай-ақ, болашақ егінді қорғауды қамтамасыз ету, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Ал, шыбын-шіркейге қарсы әуеден өңдеу жұмыстары 29 сәуірден басталып, 172 мың гектар жайылма алқабына өңдеу жүргізілуде. 13 мамырдан өзен арқылы өңдеу жұмыстары басталды және ол 10 күн аралығымен үш кезеңде өтеді. Күн сайын тосқауылды өңдеу жүргізілуде.
Аймақ басшысы күн сайын мониторинг жүргізуді және ғылыми ұсыныстарды ескере отырып, жұмыстарға түзету енгізуді тапсырды.