Павлодарлықтар енді балабақшаға жаңа сайт арқылы кезекке тұра алады

Павлодарлықтар енді балабақшаға жаңа сайт арқылы кезекке тұра алады
Фото: Константин Шелков

Балабақшаларға бүлдіршіндерді қабылдау 29 мамыр - 5 шілде аралығында өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім бөлімі мектепке дейінгі мекемелер секторының меңгерушісі Бақыт Қырықбесованың айтуынша, балабақшамен қоштасатын балдырғандардың саны – 4000-нан астам.  Биыл қала бойынша балабақшаға әртүрлі жастағы 4500-ге жуық бүлдіршін қабылданады. Бұл 142 топты құрайды. Олардың ішінде 800-ден астамы – бір жасарлық сәби.  

Барлық балабақшалар шағын аудандардың ішінде бөлінеді. Ал шағын аудандардың өз уақыттары болды. Сол уақыт аралығында мектепке дейінгі мекемеге балалар қабылданады. Бұл жайлы сайттан немесе білім бөлімінің ресми парақшасынан біле аласыздар, – дейді Бақыт Қырықбесова.

Сондай-ақ сектор меңгерушісі жаңа сайтқа кезекке тұруда қиындықтар жоқ екенін айтады. Бұған дейінгі кезекке тұратын сайттағы барлық ақпараттар жаңа сайтқа көшірілген. Ескі сайт толығымен бұғатталды. Мемлекеттен тапсырыс қабылдаған 10 жеке меншік мекеме бар. 

Balabaqsha SmartNation сайтын бүгінде еліміздің 8 облысы қолдана алады.  Оның ішінде Павлодар мен Екібастұз қалалары және жеті аудан – Аққулы, Шарбақты, Баянауыл, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл, Успен енгізілген.