Павлодар облысында шегірткелердің жаппай таралу қаупі жоқ

Аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шегірткеден қорғау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы 48 286 гектар алқапты химиялық өңдеу жоспарлануда. Өңдеу отарлық шегірткеге — итальяндық прусқа да, үйірлі емес түрлерге де қарсы жүзеге асырылады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкенов шегірткелердің көбі қазір Баянауыл және Железин аудандарында байқалатынын атап өтті.
– Жәндік тараған ең үлкен алаң – Баянауыл ауданында 11 мың гектарға жуық, Железин ауданында 2,6 мың гектар, Май ауданында 2,3 мың гектар және Ертіс ауданында 700 гектарға жуық. Дернәсілдердің жаппай пайда болуына байланысты өңдеу 27 мамыр Май және Баянауыл аудандарында басталды, – деді Арман Шүйкенов.
Инспекцияның мәліметінше, биылғы жылы итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу алаңы өткен жылмен салыстырғанда 2,8 мың гектарға ұлғайды. Бұл түрге республикалық бюджеттен 39,6 миллион теңге бөлінді. Үйірлі емес шегірткемен күреске 49,9 миллион теңге бағытталды.
Өңдеуді Түркістан облысының мердігерлері – жер үсті бүріккіштері бар «Pest Mosg treatment» ЖШС және аэрозоль генераторлары бар «Бағжан» ЖК жүргізеді. Олардың жиынтық өнімділігі тәулігіне 1300 гектардан асады. Жұмысты маусым айының ортасында аяқтау жоспарлануда.
Шегірткелердің көрші аймақтардан таралу қаупі қазіргі уақытта жоқ.
– Біз облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаевамен бірге барып, Абай облысындағы жағдайды тексердік – онда барлығы бақылауда, өңдеулер жоспар бойынша жүріп жатыр. Қарағанды облысында да жұмыстар жүргізілуде: 59 мың гектардың 20 мыңнан астамы өңделді. Павлодар облысына қауіп төнбейді, – дейді Арман Шүйкенов.
Сондай-ақ көктемде шекара маңындағы аудандар зерттелді. Барлығы мамандар Ресей шекарасы бойындағы 47,8 мың гектарды тексерді. Бұл жерлерде шегіртке зиянкестері табылған жоқ.