Павлодар облысында шенеунік қызметтік автокөлікті басқарғаны үшін жазаланды

Павлодар облысында шенеунік қызметтік автокөлікті басқарғаны үшін жазаланды
Фото: Константин Шелков

Мемлекеттік қызметші өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Облыстық әдеп жөніндегі кеңесте ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Тереңкөл аудандық инспекциясының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.  Ол өткен аудан әкімдерінің сайлау барысында Железин ауданы әкіміне кандидаттардың бірінің сенімді өкілі болды. Сайлау күні оның қызметтік көлігі көршілес Михайловка ауылында байқалды. Бұл ақпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне телефон арқылы келіп түсті.

– Мен 5 қараша күні сайлау кезінде сенімді өкілі бола тұра Железин ауданында болдым. Тереңкөл ауданынан мемлекеттік мүлік – автокөлікті пайдалана отырып Железин ауданына дейін жеттім. Мақсатым–қоғамдық болды, –деп түсіндірді шенеунік.

Өз кінәсін мойындай отырып, мемлекеттік қызметші жеке басының пайдасы болмағанын және қудаланбағанын жеткізді.  

Әйел жұмыс істейтін ұйымының бухгалтериясында оған қызметтік автокөліктің амортизациясын және жүргізушінің жалақысын бір жұмыс күні ішінде төлеуге шот берді.

Шенеунік Тереңкөл ауданының аудандық аумақтық инспекциясын екінші жыл басқарып келеді. Жалпы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – сегіз жылды құрайды. Бұрын тәртіптік жаза болмаған.

Тәртіптік кеңес мүшелерінің көлікті қызметтік емес мақсатта пайдаланғаны үшін жаза туралы пікірлері екіге бөлінді. Нәтижесінде кеңес мүшелері көпшілік дауспен шенунікке сөгіс жариялау туралы ұсыныс берді.