Павлодар облысында сотталғандардың қолөнер бұйымдары музейге берілді
«Үміт-2026» байқауында үздік жұмыстар анықталып, бірқатар туынды әлеуметтік мекемелерге табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сотталғандардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Үміт-2026» қолданбалы өнер байқауы өтті.
Облыстық кезеңде қатысушылардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар Әскери Даңқ музейінде таныстырылып, үздік жұмыстар анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша бірқатар бірегей қолөнер бұйымдары музей мен балабақшаның балансына берілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 128 және 129-баптарына сәйкес, байқауға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен сотталғандарды көтермелеу мәселесі қаралды.
Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай шығармашылық жобалар сотталғандардың қабілетін ашуға, оң өмірлік ұстаным қалыптастыруға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.