Павлодар облысында суға кеткендердің көбі рұқсат етілмеген жерде шомылған
Өңірде судағы қауіпсіздік бақылауы күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Галямовтың мәлімдеуінше, Павлодар облысында биылғы шомылу маусымы басталғалы бері суға кету салдарынан 6 адам қайтыс болды. Оның ішінде төрт ересек пен екі кәмелетке толмаған бала бар. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында өңірде судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Басқармасының бастығының айтуынша, бүгінде облыс аумағында су жағасында жаппай демалуға арналған 45 орын белгіленген. Оның 29-ы коммуналдық, ал 16-сы жекеменшік жағажай. Биыл түрлі себептерге байланысты 11 демалыс орны жұмысын тоқтатқан. Тұрғындардың өтініштері негізінде 36 жағажайға тексеру жүргізілген.
– Шомылу маусымы басталғалы 200-ден астам рейд ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 100-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаментімен бірлескен рейдтер барысында Павлодар қаласында шағын көлемді кемені алкогольдік мас күйде басқарудың екі фактісі анықталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 358-бабының 1-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс тіркелді, – деді Тілекжан Галямов.
Сонымен қатар, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін тұрғындарға 14 мыңнан астам жадынама мен ақпараттық материал таратылған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мыңнан астам жарияланым жарияланып, 700-ден астам профилактикалық бейнеролик дайындалған.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жыл басынан бері су айдындарында өміріне қауіп төнген 19 адам құтқарылды. Дегенмен, шомылу маусымы басталғалы суға кеткен алты адамның бесеуі рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны анықталған.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда ғана демалуға шақырады. Мұндай орындарда кәсіби қоғамдық құтқарушылар кезекшілік етеді. Биыл судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 84 қоғамдық құтқарушы арнайы даярлықтан өткен.
Мамандар балаларды ересектердің қарауынсыз суға жіберуге болмайтынын тағы да ескертті. Егер мұндай жағдай анықталса, ата-аналар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.