Кір төсек, жыртық линолеум: Павлодарлық аурухананың жағдайы мәз емес

Кір төсек, жыртық линолеум: Павлодарлық аурухананың жағдайы мәз емес
Фото: Константин Шелков

Бұл жайлы ем қабылдаушылардың бірінің анасы әлеуметтік желіде жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауруханадағы аналардың бірі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жағдайды баяндаған. Бұл бейнежазба әлеуметтік желі қолданушылардың ашуын тудырды.

– Бұл жағдайға қатысты шара қолдануды өтінемін. Кішкентай балалары бар аналар осындай жағдайда жатыр. Жағдай жоқ деуге де болады. Мәселен, сықырлаған төсектің дыбысынан балалар оянып кетуі мүмкін. Ал төсек тіптен ыңғайсыз, арқам, мойным ауырады, – дейді бейнежазба авторы. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 1984 жылы салынған аталған ғимараттың 2008 жылы шатыры ауысырылғанын және одан кейін басқа күрделі жөндеуге қаржы бөлінбегенін хабарлады. Аурухананың 50% тозығы жеткен.

–  Жұқпалы аурулар ауруханасының 60% өз күшімізбен жөндеуден өткіздік. Ем қабылдаушылар шыққаннан кейін бөлме, заттар, төсектер дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттама денсаулық сақтау басқармасына жіберілген болатын. Шыдамдылық танытуды сұраймыз. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді басқармада.

Сондай-ақ, ауруханада жатқандар ауруханада жәндіктердің бар екендігін айтып, ұйықтауға мұрша бермейтіндігіне шағымданған.