Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген бірқатар азамат жазаланды
Рейд барысында 200-ден астам адам тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 ақпанда өңірде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған болатын. Тәртіп сақшылары бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды тұрғылықты жері бойынша аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде.
- Шараның алғашқы күні Ертіс өңірінде тұрмыстық құқықбұзушылықтарға бейім 206 адам тексеріліп, 36 қорғау нұсқамасы шығарылды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ал сот үкімін орындамағаны үшін 8 павлодарлық жазаға тартылды, - дейді облыстық полиция департаменті.
Өткен жылы облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 4579 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ішінде 660 адам әкімшілік қамауға алынып, 1086 адамға ескерту жасалса, 41 адамға айыппұл салынған.
Айта кетелік, «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 15-22 ақпан аралығында өтеді.