Екібастұз маңындағы ауылдың мерейтойында жеңімпаздарға автокөлік сыйға беріледі

Екібастұз маңындағы ауылдың мерейтойында жеңімпаздарға автокөлік сыйға беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

3 тамыз күні Екібастұздан 86 шақырым жерде орналасқан Ақкөл ауылының 90 жылдық мерейтойы атап өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтау үшін Қазақстанның эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым мен Мәдина Сәдуақасова, сондай-ақ ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ансамблінің солисі Дәурен Төлеубаев келеді.

Сондай-ақ, бұл күні Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, облыстық филармония, Баянауыл, Ертіс, Ақтоғай аудандары мен Екібастұз қаласының өнерпаздары өнер көрсетеді.

Оған қоса, ауылда ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар ашылып, сағат 14:00-15:00 аралығында көкпардың финалы өтеді. Жеңімпаз командаға автокөлік беріледі.

Сондай-ақ аламан бәйгеде бірінші орынды иеленген шабандоздарға да көлік табысталады.

Тай жарыс пен құнан бәйгеде жеңімпаздарға мотоцикл қарастырылған.

Қалған жүлделі орындарға 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сыйақы беріледі.