Жоғалып кеткен 30-дан аса павлодарлықтың орналасқан жері анықталды

Жоғалып кеткен 30-дан аса павлодарлықтың орналасқан жері анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жиі жоғалып кететіндер қатарында қарт адамдар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің айтуынша, тек 2025 жылдың ағымдағы кезеңінде полицияға азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалуына қатысты 56 өтініш түскен. 

– Оның ішінде 34 адамның орналасқан жері анықталды. Көптеген жоғалғандар бір тәулік ішінде табылды. Басқаларының орналасқан жері іздестіру шаралары барысында анықталды, – деді Болат Нұрсейітов. 

Адамдардың жоғалуына әртүрлі себептер әсер етеді: отбасылық дау-жанжалдар, психикалық бұзылыстар, қылмыстар, тұрмыстық жағдайлар немесе жеке өмірін қайта бастау, проблемалардан қашу үшін өз еркімен кетуі мүмкін. 

– Іздеу мерзімі жоғалған адамның өмір салты мен жоғалу себебіне байланысты болады. Тергеу-жедел әрекет тобы адам туралы жалпы мәліметтерді анықтайды: жас мөлшері, бойы, салмағы, дене бітімі, шашы мен көзінің түсі, киімдері, ұялы телефон нөмірлері, достары мен әріптестері,  ауруханалар, арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді ол.

Балаларды іздеу кезінде ювеналды полиция инспекторларымен бірге сыныптастар, курстастар, достар, сауда үйлері, компьютерлік клубтар, ойын алаңдары, подъездер, парктер тексеріледі. Сонымен қатар, волонтерлік ұйымдар тартылған, тәртіп сақшылары мен волонтерлер арасында тығыз байланыс орнатылған. Еріктілер жоғалғандарды іздеу шараларына полицияға көмек көрсетеді.

Көп жағдайда азаматтардан өтініштер жылы мезгілде түседі. Кейде оқу жылы басталған кезде де жоғалулар орын алады – балалар басқа автобусқа отырып, бір күн бойы адасады. Ата-аналар бұл туралы тек кешке ғана біліп, полицияға хабарлайды. 

Жиі жоғалып кететіндер қатарында қарт адамдар да бар, олардың жасы ұлғайғандықтан, өз мекенжайын ұмытып, үйін таба алмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, жоғалуға склероз, психикалық аурулар әсер етуі мүмкін. 

Полиция қызметкерлері жоғалған азаматтарды іздеуде басты фактор – уақытылы полицияға хабарлау екенін еске салады. Сондай-ақ, жоғалған адамның жоғалу уақыты, орны, себептері туралы толық ақпарат беру өте маңызды, ештеңені жасырмау керек, өйткені әрбір ұсақ-түйек іздеу барысында маңызды болуы мүмкін.