Павлодар облысында ТЖД су тасқынына дайындықты тексерді

Павлодар облысында ТЖД су тасқынына дайындықты тексерді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында техника мен жеке құрамның әзірлігі бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 467 қызметкер, 92 бірлік арнайы техника, 70 мотопомпа, тоғыз жүзу құралы және жеке құрамды тасымалдау мен халықты эвакуациялауға арналған алты көлік дайындалған. Тексеру нәтижесінде дайындықты одан әрі күшейту бойынша ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, ТЖД күштері мен құралдары су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда әрекет ететін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің өңірлік тобына кіреді. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар, полиция, жедел жәрдем қызметтері, еріктілер және басқа да ұйымдар енгізілген.

Жалпы өңірлік топқа 1627 адам, 643 бірлік инженерлік және арнайы техника, 12 жүзу құралы, 293 мотопомпа және жеке құрамды тасымалдау мен халықты эвакуациялауға арналған 166 техника жұмылдырылған.

Көктемгі су тасқынының салдарын азайту мақсатында облыста алдын алу шаралары жүргізілуде. Бүгінде бекітілген су тасқынына қарсы жоспардың 22 тармағы толық орындалған.