Павлодар облысында тұрақтап қалуға өтініш берген шетелдіктердің саны басым
Оннан астам павлодарлық елден кетуге өтініш білдірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 89 мыңға жуық азамат қызмет алу үшін Павлодар облысының көші-қон қызметіне жүгінген. Соның ішінде 18929 азамат ағымдағы жылы web-портал арқылы және 5061 тікелей байланыс арқылы өтініш білдіріп, қызметтерді толық ала алған.
– 12 азамат Қазақстаннан тұрақты кетуге өтініш білдірсе, 23 шетелдік пен азаматтығы жоқ адамға тұрақты тұруға рұқсат берілді. Паспорттар мен жеке куәліктерді алудан басқа, павлодарлықтар жеке деректерінің өзгеруіне, азаматтыққа қабылдау бойынша, сондай-ақ ұлтының өзгеруі туралы өтініш жасайды. Өзгертуге аталған мәселелер бойынша 2416 азамат өтініш білдірді, – деді облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Тәртіп сақшысы паспортта және жеке куәлікте ұлты туралы жазба ата-анасының ұлтына сәйкес жүргізілетінін түсіндірді.
Сонымен қатар, спикер паспорт пен жеке куәліктердегі ұлты туралы жазбаны өзгерту үшін тұрғындардың жазбаша өтініш пен туу туралы куәлігін беру қажет екенін атап өтті.