Асайын Байханов Ақсу электр станциясын мерейтоймен құттықтады
Облыс әкімі станцияда көп жылдар бойы еңбек еткен энергетиктерді марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан энергетикасының флагманы – Еуразиялық Топтың құрамына кіретін «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы 55 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Ақсу станциясы - Қазақстанның энергетика нарығындағы электр энергиясын ірі көлемде жеткізушілердің бірі. Еліміздегі электр энергияның бестен бір бөлігін өндіреді. 1968 жылы 17 желтоқсанда Ермаков МАЭС-тың бірінші блогы іске қосылды. Бүгінде бұл Қазақстанның, Батыс Сібірдің, Алтай өлкесінің солтүстік және шығыс энергожүйелерін байланыстыратын тірек торабы.
Энергетиктерді мерейтойымен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.
– Сіздер сияқты кәсіби мамандардың арқасында облысымыз Қазақстанның индустриалды жүрегіне айналды. Құрамына сіздердің кәсіпорындарыңыз кіретін Еуразиялық Топ әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытып, павлодарлықтар үшін игі істер жасауда,–деп атап өтті аймақ басшысы.
Үздік қызметкерлер облысқа сіңірген еңбегі үшін белгілерімен, ERG төсбелгілерімен, «Құрметті энергетик» атағымен марапатталды. Станцияның 15 қызметкеріне пәтер сертификаттары табысталды.
Салтанатты шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.