Павлодар облысында учаскелік референдум комиссиялары дауыстарды санауға кірісті
Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20:00-де аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
6 қазанда дауыс беру күні Орталық референдум комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды, сондай-ақ әрбір екі сағат сайын ҚР ОРК мүшелері дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін беріп отырды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2024 жылғы 6 қазанда сағат 20:00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 63,87% -і бюллетень алды.
Тізімде 75,31 % көрсеткішпен Түркістан облысы көш бастаған. Екінші орында Ақтөбе облысы (75,11 %), ал үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы (73,79%) тұр.
Павлодар облысында тізімге енгізілген тұрғындардың 65,09% таңдау жасап үлгерді.
Учаскелік референдум комиссиялары дауыстарды санауға кірісті. Учаскеде дауыстарды санау уақыты оларды санау басталғаннан кейінгі он екі сағаттан аспауға тиіс.