Павлодар облысында ветпунктер құрылысының қарқыны еселенеді
Облыс бұл тұрғыда Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгіге айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Биыл 85 жаңа ветеринариялық пункт салу бастамасын облыс әкімі Асайын Байханов көтерген еді. Оны облмәслихат депутаттары қолдады.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтып өткендей, мұндай жобалар елдегі ветеринария қызметін жаңа сатыға көтереді. Өйткені, мал дәрігерлерінің бұрынғы үлгідегі жұмысы олардың денсаулығына қауіп төндіреді.
- Ветпунктер облыстың 85 тірек ауылдарында салынады, - дейді Аманғали Бердалин. – Павлодар облысынан бөлек, мұндай орталықтар Жетісу облысында да салынуда. Олар Павлодар облысының экскиздері мен құжаттамаларын алып, бұл жобаны қолға алды. Бұл заман талабы, мал дәрігерлерінің аула-аулаларды аралап жүруі қауіпті.
Аталмыш пунктің біреуі 7-8 миллион теңге шамасында тұрады.
Павлодар облысында барлығы 127 ветпункт бар, оларда 540 мал дәрігері жұмыс істейді. Ветеринарлардың орташа жалақысы 300-380 мың теңге.