Ақсу қаласында энергетиктердің еңбегі мен ерлігі ұлықталды

Ақсу қаласында энергетиктердің еңбегі мен ерлігі ұлықталды
«ЕЭК» АҚ

Салтанатты шарада Энергетика дивизионы қызметкерлерінің өндірістік жетістіктері мен әлеуметтік бастамалары кеңінен атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерекелік іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, ұжым үшін жарқын әрі есте қаларлық оқиғаға айналды. Жақсы ойластырылған бағдарлама, ұсақ-түйегіне дейін мән берілуі және заманауи безендіру элементтері мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Көпшіліктің назарын аударған әрі қызу талқыланған нышандардың бірі – саланың технологиялық дамуы мен алға ілгерілеуін бейнелейтін андроид болды.

Бұл күні электр станциясының тепловоз машинистері, автоматика және өлшеу құралдарын жөндеу жөніндегі электрслесарьлар, сорғы қондырғыларының машинистері, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтерлер, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді жоспарлау инженерлері, электр станциясының металл зертханасының дефектоскопистері және өзге де көптеген мамандар марапатталды. Олар күн сайын жабдықтардың үздіксіз жұмысын, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін және бүкіл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді.

Қызметкерлерге «Энергетик-қаһарман» төсбелгісі, «Электроэнергетик» медалі, сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

– Энергетиктер – жоғары кәсібилік, жауапкершілік пен өз ісіне адалдық талап етілетін мамандық иелері. Олар сын сағатта бірлесіп, нақты нәтижеге қол жеткізе алатын жандар, – деп атап өтті өз сөзінде Энергетика дивизионының бас операциялық директоры, «ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев. – 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивизион электр энергиясын өндіру жоспарын артығымен орындап, нақты есепте 350 миллион киловатт-сағатқа қол жеткізді. Бұл нәтиже топ кәсіпорындарының сенімді энергиямен қамтылуын, металлургиялық өндірістің электр және жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуін растады.

Бас директор 19 маусымда өңірге соққан жойқын дауыл кезінде болған оқиғаларға да ерекше тоқталды. Сол сәтте қызметкерлер тек электр станциясының жұмысын қалпына келтіріп қана қоймай, Ақсу қаласының электрмен жабдықталуын жедел түрде қайта іске қосуға қатысып, табиғи апат салдарын жоюда жоғары патриотизм мен кәсібилік танытты.

Өз марапаты туралы энергетиктерге тән қарапайымдылықпен электр станциясы ауысымының бастығы, «ЕЭК» АҚ қызметкері Леонид Семидко айтып берді. Апат кезінде технологиялық қорғаныс жүйесі іске қосылып, станция толық жүктемесіз қалған сәтте ол кезекшілікте болған.

– Жағдайды күрделендіргені – станцияда жарық пен байланыс болмады, ішкі қажеттіліктерге кернеу беру мүмкін емес еді. Бұл турбиналарды іске қосуға, май сорғыларының жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей, өрт немесе жабдықтардың жарылуы сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін болатын, – деп еске алады Леонид Семидко. – Кәсіпорын басшылығының қолдауымен және қосымша персоналды тарту арқылы алдымен станцияға электр энергиясын жеткізіп, блоктарды кезең-кезеңімен іске қостық. Қаланың электрмен жабдықталуы шамамен сағат 22-23 аралығында қалпына келтірілді.

Оның айтуынша, бұл марапат – апат салдарын жоюға қатысқан барлық қызметкерлердің ұжымдық еңбегінің мойындалуы.

«Энергетика» дивизионының кеңеюі жөндеу жұмыстарының тиімділігіне оң әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды. Бұрын РОК-2 деп аталған «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның жылу электр станциясының, сондай-ақ ERG Service құрамындағы Павлодар жөндеу басқармасының дивизионға қосылуы өндірістік және жөндеу бағыттарын күшейтіп, жөндеу қызметтерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Тіпті штаттық, «тыныш» режимнің өзінде дивизионның жедел жөндеу бригадаларының жұмысы таңдай қақтырады. Соның айқын дәлелі – ауқымды ленталық конвейердің небәрі 13 тәулік ішінде күрделі жөндеуден өткізілуі. Бұл – осындай көлемдегі жұмыстар үшін рекордтық мерзім. Тағы бір мысал – бірінші көтерілімдегі су қабылдау сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстарының жоспардан 26 күн бұрын аяқталуы. Бұл қала тұрғындарын ауызсумен және жылумен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге алдын ала жағдай жасады.

Сонымен қатар дивизион қызметкерлері тек өндірістік және жөндеу жетістіктерімен шектелмейді. Олар кәсіби мамандықтарға деген құрметті қалыптастыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған ағартушылық бастамаларға да белсенді қатысады.

Осындай жобалардың бірі – дефектоскопист Данил Клинктің бастамасы. Ол «ЕЭК» АҚ-ның амбассадоры ретінде энергетиктер, шахтерлер мен металлургтер туралы «Герои» атты балалар комиксінің идея авторы әрі мәтіндерін жазған.

– Комиксте бір ғана басты кейіпкер жоқ. Барлық образдар – балаларға ата-аналарының мамандығын қарапайым әрі түсінікті тілде таныстыру және отбасы ішінде диалог орнату мақсатында жасалған жинақталған кейіпкерлер, – деп түсіндірді амбассадор. – Комикс үлкен таралыммен жарық көріп, ERG компаниялар тобы бойынша таратылды.

Сөз соңында Дүйсен Мерғалиев ұжымға еңбегі мен адалдығы үшін алғыс білдіріп, Энергетика дивизионының сенімді түрде дамып, жаңғырту және жасыл энергетика жобаларын іске асыра отырып, алға жылжып келе жатқанын атап өтті.

Ақсу қаласында өткен Энергетиктер күні – жай ғана мерекелік шара емес, қаланың энергетикасын кеше де, бүгін де, ертең де сенімді етіп отырған бірлігі бекем ұжымның күш-қуатының айқын көрінісі.