Павлодар облысындағы мәслихаттарға кандидаттардың ең жасы – 2003 жылғы

Павлодар облысындағы мәслихаттарға кандидаттардың ең жасы –  2003 жылғы

Бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша облыстың барлық деңгейіндегі мәслихаттарына 583 кандидат тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Баспасөз жиынында Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аманжолова кандидаттардың тіркеу нәтижелері туралы айтты. 

Оның айтуынша, Павлодар облысы бойынша Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына 688 кандидат ұсынылып, 595-і тіркелген. 

Бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліске 12 кандидат тіркелсе, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 583 кандидат тіркелді.

Оның ішінде:

  • Облыстық мәслихатқа - 53 кандидат, 16 округ;
  • Қалалық мәслихаттарға - 177 кандидат, 51 округ;
  • Аудандық мәслихаттарға - 353 кандидат, 106 округ тіркелді.

– Мәслихаттарға 49 кандидат ұсынылғаннан кейін өз кандидатураларын қайтарып алды. 36 адам тіркеуге қажетті құжаттардың түгелін өткізген жоқ. Сол себепті тіркелмеді, –  деді Гүлнәр Аманжолова.

Орташа есеппен бір мандатқа 3 адамнан тіркелген. Кандидаттардың саны жағынан ең көп бәсекелестер – 2 округте 6 адам тіркелді (Ақсу қаласындағы № 5 және Баянауыл ауданындағы № 8).

– Мәслихаттардағы орынға 397 ер адам, 186 әйел адам тіркелді. Орташа жас – 42. Ұлты бойынша 427 – қазақ, 64 – орыс, басқа ұлттар – 40. Ең жасы  – 2003 жылғы, ең үлкені –  1951 жылғы. Кандидаттарға тиісті куәліктері берілді, – деді Гүлнәр Аманжолова.

Облыста барлығы 6 партия сайлауға түсіп жатыр: «AMANAT», «Ақ жол», «Ауыл», «Байтақ», «Қазақстан Халық Партиясы», «Respublica». 

– Сайлау кезінде бір мандатты орынға кандидаттардың қайсысы көп дауыс жинаса, сол жеңіп шығады. Ал, партиялық тізім бойынша қай партия қанша пайыз дауыс жинағанына байланысты депутаттық орындарға квота алатын болады,  –  деді Гүлнәр Аманжолова.

Айта кетейік, 18 ақпан күнгі сағат 18:00-де сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Ол сайлау заңы бойынша 18 наурыз күні сағат 00:00-де бітеді.

Фото: ашық дереккөздерен