Павлодар облысында заңсыз пиротехника сатқан тұрғындар айыппұл арқалады
Айыппұл 147 мың теңгеден астам соманы құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылымының алдын алу мақсатында өңірде төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері бірлесіп, рейдтік іс-шаралар өткізуде. Бұл туралы облыстық ТЖД өкілдері мәлімдеді.
Рейдтер Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ бірқатар аудандарда ұйымдастырылды. Жалпы 23 рейд өткізілген.
– Пиротехникалық өнімдердің заңсыз саудасын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Нәтижесінде Павлодар мен Екібастұз қалаларында үш жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Құқық бұзушыларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабы бойынша жалпы сомасы 147 450 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің өкілі Азамат Исеевтің айтуынша, соңғы жылдары заңсыз пиротехника саудасы азайған.
– Қазіргі таңда пиротехникалық бұйымдар негізінен арнайы дүкендер мен павильондарда сатылады. Алайда сертификатсыз және заңсыз өнімдер әлі де кездесіп жатады, – деді ол.
Мамандар тұрғындарға пиротехника сатып аларда өнімнің сәйкестік сертификатын сұрауға, қаптамасы зақымданған бұйымдарды алмауға және қолданар алдында нұсқаулықты мұқият оқуға кеңес береді. Сондай-ақ отшашуларды ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта, борансыз ауа райында ғана қолдану қажет екенін еске салды.