Павлодар облысында жас ақындар арасында әдеби-шығармашылық байқау жарияланды

Адамзаттық құндылықтар, әділет, ар-ұят, адам құқығы сынды тақырыптарды көтергендер бағалы сыйлықтар ұта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы жас ақындар мен жазушылар арасында «Ертіс толқыны» әдеби-шығармашылық байқауын өткізеді.
Байқау негізгі үш – «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша өткізіледі.
Оған қатысу үшін «Проза» номинациясына 25, «Поэзия» номинациясына 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданады.
Байқаудың мақсаты – қазіргі заманғы отандық әдебиетті дамыту және кітап оқу мәдениетін насихаттай отырып, өңірлердегі талантты жас қаламгерлердің еңбегіне лайықты баға беру.
Тақырыптық ұсыныстарға өз шығармасына ұлттық болмысты арқау ете отырып, қазіргі заман мен келешекке сай тың ой, жаңа образ жасау, адамзаттық құндылықтар, әділет, ар-ұят, адам құқығы сынды тақырыптарды көтеру, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қарапайым еңбек адамының болмысын ашу және еңбек құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақты білім мен ғылымға, ана тіліне, ел тарихын қадірлеуге үндеу(әр өңір өзіндік ерекшеліктеріне қарай толықтыра алады) жатады.
«Проза», «Поэзия», «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша бірінші орынға 200 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге берілсе, үшінші орындар алғандар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байқауға ұсынылатын шығармалар m.sadvokassova@amanatpartiasy.kz электрондық мекенжайына жолданады.
Шығармалар 16 тамызға дейін қабылданады.