Павлодар облысында «Жасыл ел» жасағына екі мыңнан астам жас тартылады
Жазғы маусымда жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл өңір кәсіпорындары мен ұйымдары 12 061 жоғары сынып оқушысы мен колледж студентін уақытша еңбекпен қамтиды. Оның ішінде 2 775 жас «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейді.
Облыстық білім беру саласының мәліметінше, жазғы еңбек маусымына 8–11-сыныптың 8 556 оқушысы тартылмақ. Сонымен қатар 271 ауылдық колледж студенті өңірдегі шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарда еңбек етеді. Ал 461 студент туыстарының кәсіпорындары мен ұйымдарында жұмысқа орналасады.
Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтін жастардың жалақысы 77500 теңгені құрайды. Оның 42500 теңгесі мердігер ұйымдар тарапынан төленсе, 35 мың теңгесі «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы беріледі.
Ауылдық колледж студенттері де еңбек маусымына белсенді қатысуда. Олар шаруа қожалықтарымен келісімшарттар жасай бастады. Орташа айлық жалақы көлемі 60 мың теңгені құрайды.
Жастарды жұмыспен қамту бойынша ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тіркелген. Мәселен, Павлодар қаласында 4 321 жас жазғы еңбекпен қамтылса, Екібастұзда – 3 154, Ақсуда – 604 адамды құрайды.
Ауылдық колледж студенттері өңірдегі бірқатар ірі шаруашылықтар мен кәсіпорындарда еңбек етеді. Атап айтқанда, Ертіс ауданындағы «Абай» ЖШС, Тереңкөл ауданындағы «Деловой Агро», Баянауылдағы «Жасыбай» демалыс үйі және Железин ауданындағы шаруашылықтар студенттерді жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, жазғы еңбек маусымы жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастырып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқушылар мен студенттер еңбек арқылы табыс тауып, әлеуметтік белсенділігін арттырады.
Осылайша, Павлодар облысында биыл мыңдаған жастар жазғы кезеңде жұмыспен қамтылып, «Жасыл ел» бағдарламасы өңір жастарын қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді.
Аққу Самсен