Павлодарда тегін қазақ тілі курстары басталды

Павлодарда тегін қазақ тілі курстары басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың 1 ақпанында «Ана тілі» орталығында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курсының бірінші маусымы бастау алды. 

Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылады. 

– Аталған курсқа тілді меңгеру деңгейі әртүрлі және әртүрлі жастағы тыңдаушылар қатысуда. Тілді оқыту қарапайымнан күрделіге дейінгі деңгейлер бойынша жүргізіледі. Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өткізіледі, – делінген хабарламада.

Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады. 

Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталатын болады. 

– Бұл курстармен ағымдағы жылдың соңына дейін 495 тыңдаушыны қамту жоспарланған. Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары басталып, жұмыстар жүргізілуде, – деп толықтырды басқармада.

Тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.