Павлодар облысында жастар 2,5% мөлшерлемемен несие ала алады
Шағын несиелеу биылғы жылдың наурыз айынан бастап жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Арман Заитов мәлім етті.
– Конкурстық негізде өтетін шағын несиелеу кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-ды құрайды. Қарыз алушылар алатын ең жоғары сома – 5 млн теңге. Несие алу кезінде міндетті кепілмен қамтамасыз ету қарастырылған, – деді Арман Заитов.
Мал шаруашылығы саласындағы несиелеу мерзімі – 7 жыл, басқа салалар үшін – 5 жылға дейін.
Спикердің сөзінше, азаматтар несиеге өтінім берген кезде бизнес жоспарын ұсыну керек. Басты талаптар – жасы 35-тен аспау керек, кепілдемесі болу қажет және соңғы 2 жыл ішінде несие тарихы таза болуы тиіс.
Айта кетейік, биылғы жылы облыс бойынша 785 млн теңге бөлінді. Бұл кем дегенде 157 адамды микрокредитпен қамтуға мүмкіндік береді.