Павлодарда талапқа сай емес тауарлар анықталды

Тексерілген өнімдердің 80 пайыздан астамында заңбұзушылықтар орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы 77 өнім зерттеліп, оның 67-сінде талапқа сай келмейтін жайттар анықталды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тексерілген 23 өнімнің 18-інен заң бұзушылықтар шыққан. Атап айтқанда, өнімнің жарамдылық мерзімінің болмауы, мемлекеттік тілде ақпараттың көрсетілмеуі, өндіруші мекенжайының жазылмауы және таңбалау талаптарының бұзылуы жиі кездеседі.
– Жалпы кемшіліктерді айтатын болсақ, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауы және таңбалаудың дұрыс жүргізілмеуі. Бұл – тұтынушылардың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Сондай-ақ, сүт өнімдеріндегі май мөлшерінің сәйкес келмеуі, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар мен белгісіз өндірушілер көрсетілген ұн, қаймақ, сары май секілді өнімдер де назарға ілінді.
– Тұрғындарға өнімді сатып алу кезінде оның таңбалануына – өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, құрамы және өндіруші туралы ақпараттың болуына ерекше назар аударуға кеңес береміз, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасады. Департамент өкілдерінің айтуынша, өнім сапасына қатысты тексерулер алдағы уақытта да тұрақты жүргізілмек.