Павлодар облысында жастар орталығының жазғы жұмысы қорытындыланды

Павлодар облысында жастар орталығының жазғы жұмысы қорытындыланды
Фото: Айбек Жұматов

Белсенділік танытқан аймақ жастары марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде жастардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған арнайы жоба өз мәресіне жетті. Облыс орталығында «Ертіс толқынының» нәтижелері сараланып, белсенділік танытқан жастар ресурстық орталықтарына алғыс білдірілді.

Бағдарлама барысында жағалауда серуендеген қала тұрғындарының кешкі уақытын тиімді өткізу үшін түрлі форматтағы алаңдар құрылып, мәдени және спорттық кездесулер ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жастарды бір ортаға біріктіріп, олардың шығармашылық, қоғамдық және азаматтық белсенділігін арттыру. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» концепциясының бағыттары қамтылды. Осы ретте қоршаған ортаға жауапкершілікті қалыптастыруға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылды.

Жобаны Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жүзеге асырды. Ведомство басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, бағдарлама екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

– Арнайы бастама аясында көрікті жерлерімізді насихаттап қана қоймай, өңірдегі талантты жастарды танытуға мүмкіндік алдық. Биыл облыс аудандарындағы жастар орталықтары жақсы нәтиже көрсетті. Сондықтан келесі жылы да жоба жалғасын табады деп ойлаймын, – деді ол.

Осы маусымда Ақсу қаласының және Баянауыл, Май, Павлодар мен Ертіс аудандарындағы жұмыстар ерекше аталып өтілді. 

Салтанатты жиында жобаға үлес қосқан ұйымдар мен мекемелерге Алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында Ақсу қаласының жастар бастамаларын дамыту орталығы, Тереңкөл ауданындағы «Алдаспан», Железин ауданындағы «Айбат», Май ауданындағы «Армандастар» және Аққулы ауданындағы «Жалын» жастар орталықтары бар.

Сондай-ақ Баянауыл, Успен, Ақтоғай, Ертіс және Шарбақты аудандарының өкілдері марапатталды.

Ұйымдастырушылар келесі жылы жастардың ұсыныстарын ескеріп, бағдарламаны жаңа форматпен толықтыруды көздеуде.