Павлодар облысында жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруды үйренді
Баянауыл ауданында өңірдің жұмыс істейтін жастары үшін Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеуге орай көшпелі облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектеп ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семинарға мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері қатысты. Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинар-тренингтер, диалог алаңдары, сондай-ақ спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық және қазақстандық тәжірибесі мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу әдістемесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс, қоғамдық бақылау құралдары, оларды практикада қолдана отырып, өңір бюджетін жұмсау процесі және т. б. зерделенді.
Спикерлер ретінде өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығы мен қызметкерлері, облыс әкімі аппаратының және қоғам өкілдері шақырылды.
– 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерді оның үздіксіздігін, дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытуды тоқтатпаймыз. Қоғам мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ашықтық, әдептілік пен адалдық болуы тиіс екенін түсінуі тиіс, – деп атап өтті өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.
Қатысушылар іс-шараның тақырыбына толық үңіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың аспектілері егжей-тегжейлі зерделенгенін, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың мәні ауқымды түрде қайта қарастырылғанын атап өтті.