Павлодар облысының тұрғынынан екі миллиард теңгелік киік мүйіздері табылды
Тұрғыннан шамамен 800-ге жуық аң мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған Ақсу қаласының 49 жастағы тұрғынының гаражын тінту кезінде киік мүйіздері сақталған сегіз жәшік табылды. Жалпы салмағы 170 келіге жуық болатын Қызыл кітапқа енген жануардың 800-ге жуық мүйізі алынды.
– Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды. Ұсталғандардың мемлекетке келтірген зияны шамамен екі миллиард теңгені құрайды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Еске сала кетейік, Беловка - Қалқаман автожолында «Aydi А6» маркалы автокөлік тоқтатылып, тексеру кезінде жүксалғышта жалпы салмағы 559 келі болатын 14 қап мөңке балығы табылған.