Павлодар облысында «дропперлерден» 110 миллион теңгеден астам ақша өндірілді
Елімізде қаскүнемдер қылмыстық мақсатта пайдаланатын «дропперлердің» қатысуымен жасалатын алаяқтық қарқын алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, көбінесе бұл адамдар өздерінің іс-әрекеттерінің қылмысқа қатысты екенін айтпастан, оңай ақша табуға уәде береді. Негізгі схемаларға «дропперлер» заңсыз жолмен алынған ақшаны алаяқтарға, соның ішінде өз шоттары арқылы алатын және аударатын, банк карталарын немесе қаржылық жүйе шоттарын жіберетін қаржылық операциялар жатады, осылайша нағыз қылмыскерлердің іздері жасырылады.
Мұндай фактілердің жолын кесу үшін Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабының тәртібінде «дропперлерден» негізсіз баюға байланысты алынған ақша қаражатын өндіріп алу механизмін әзірледі.
– Бүгінгі таңда тек Павлодар облысында осындай 83 сот шешімі өтіп, «дропперлерден» 110 миллион теңгеден астам ақша өндірілді. Бұл ретте, егер «дропперлердің» алаяқтыққа тікелей қатысы бар екені анықталса, олар сыбайлас ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады, – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар үшінші тұлғаларға банктік шоттарды, электрондық төлем құралдарын басқаруға, материалдық сыйақы үшін аутентификация деректерін интернет-банкингке, электрондық әмиянға беруге рұқсат бергені үшін «дропперлерді» әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселелері қарастырылуда.
Осындай схемаларға араласпау үшін «жеңіл» жұмыс ұсынылған жағдайда абай болу, жеке банк деректерін жібермеу және күдікті ұсыныстар туралы құқық қорғау органдарына хабарлау керек.
Бас прокуратура мұндай схемаларға қатысу қылмыстық жауаптылыққа және қаржылық санкцияларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.