Павлодар облысында жазушының құрметіне айтыс ұйымдастырылды
Бас жүлде ақтоғайлық айтыскерге бұйырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шығармашылық тартыс жазушы, журналист Қимадиден Нығмановтың 100 жылдығына арналды.
Сөз шеберлеріне қаламгерлер, журналистер, мәдениет мамандары баға берген. Әр жұпқа өнер көрсетуге 25 минуттан аспайтын уақыт берілді.
Байқау қорытындысы бойынша Баянауылдан келген Нұрқанат Қайрат үшінші орын мен 150 мың теңгені иеленді. Екінші орын және 250 мың теңге белгілі ақын Абзал Қабдрашқа бұйырды. Бірінші орын мен 300 мың тағы бір баянауылдық айтыскер Тілек Сейітовке берілді. Бас жүлде 400 мың теңгені ақтоғайлық Рауан Қайдаров жеңіп алды.
Қимадиден Нығмановтың жұбайы ең жас айтыскерлер – баянауылдық Мейіржан Баршымбай мен ақтоғайлық Ибрагим Қазыбекке екі ноутбукты сыйға тартты. Олар павлодарлық айтыскер Оразбек Саяхатпен бірге 60 мың теңге ынталандыру сыйлығының иегері атанды.
Арнайы жүлде және 80 мың теңге баянауылдық Мәрес Байрон, Май ауданынан келген Ерлан Аманқожа және Шарбақты ауданынан Қайролла Қапизаұлына бұйырды.
Қимадиден Нығмановтың немерелері айтысқа қатысқан басқа да айтыскерлерге 30 мың теңге берді.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтоғайда жазушы Қимадиден Нығмановтың жүз жылдығына арналған мереке өтіп, оның «Атырау» кітабының тұсауы кесілді.