Павлодар облысында жем дайындауға қатысты мәселелер талқыланды
Кездесуді облыс әкімі Асайын Байханов жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі жалпы егіс алқабы 1,7 млн га құрап, өткен жылмен салыстырғанда 52 мың га артқан. Оның ішінде дәнді дақылдар - 837,3 мың га, майлы дақылдар - 570,9 мың га, мал азықтық дақылдар - 263,9 мың га.
Жаз мезгілі басталғалы облыс аумағына жауын-шашынның айлық мөлшерінің небәрі 40% ғана түскен. Дегенмен соңғы күндері жауған жаңбыр өңірдің басым бөлігін қамтып, топырақтағы ылғал қорын толықтыруға мүмкіндік берді. Синоптиктердің болжамынша, алдағы аптада да жаңбырлы ауа райы сақталады.
Күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер агротехникалық іс-шараларды, фитосанитарлық мониторингті және егістіктерді күтіп-баптау жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде дәнді дақылдар егісінің 91,9%, ал майлы дақылдар егісінің 98,7% жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағалануда.
Сонымен қатар, бірқатар аудандарда ылғал тапшылығына байланысты тәуекелдер сақталуда. Мәселен, Павлодар ауданында вегетациялық кезең басталғалы жауын-шашын көлемі небәрі 1,3 мм құрады. Бұл көпжылдық орташа нормадан (50 мм) айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Жиналыста мал азығын дайындау мәселесіне де ерекше назар аударылды. 15 маусымнан бастап облыстың барлық ауданында мал азығын дайындау науқаны басталды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда 65,3 мың га шабындық алқап орылып, 45,2 мың тонна ірі қара мал азығы және 27 мың тонна пішендеме дайындалды.
Жиналысты қорытындылаған Асайын Байханов қалыптасқан жағдайдың тұрақты бақылауды талап ететінін атап өтті.
- Қазіргі таңда барлық ресурсты барынша жұмылдыру қажет. Әрбір аудан жағдайдың өзгеруіне дер кезінде әрекет етіп, егін өнімін сақтап қалуға және шаруашылықтарды жеткілікті көлемде мал азығымен қамтамасыз етуге тиіс. Барлық мәселе жедел шешіліп, тұрақты бақылауда болуы қажет, - деді Асайын Байханов.
Жиналыс қорытындысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына егістіктердің жай-күйіне күн сайын мониторинг жүргізу, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидиялардың уақытылы берілуін қамтамасыз ету және туындауы мүмкін тәуекелдерді тұрақты қадағалап отыру тапсырылды. Қажет болған жағдайда мал азығын дайындау көлемін арттыру үшін қосымша шабындық жерлерді пайдалану жүктелді.
Қала және аудан әкімдеріне жергілікті жерлердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау, 15 шілдеге дейін барлық шаруашылықтарды аралап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер өткізу, сондай-ақ жағдайдың өзгеруіне жедел әрекет етіп, қысқа қажетті жеткілікті мал азығы қорын қалыптастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар, «СПК «Павлодар» АҚ-на 1 қазанға дейін өңірлік сақтандыру мал азығы қорының көлемін 3 мың тоннаға дейін ұлғайту мәселесін пысықтау тапсырылды.