Тереңкөл ауданына қарасты Песчан ауылында жарық пен спорт кешені орнатылуда

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көше жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Бұл жолы мемлекеттік бюджет есебінен ауылдағы үш көшеге жарық шамдары орнатылды. Енді зауытқа кіреберіс жол, Шоссейная көшесі, Фарид Қақабаев көшесі (Бірлік көшесіне дейін) толықтай жарықтандырылды.
Жоба құны – 94,9 миллион теңге. Жұмыстарды Павлодар қаласынадғы «Хлебстрой» ЖШС жүзеге асырды. Орнатылған 136 жарық шамы алдағы уақытта әкімдік балансына қабылданып, қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
Сондай-ақ, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Песчан ауылында бірінші рет дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жоба екі жылдық болып табылады. Жоспар бойынша кешеннің толықтай пайдалануға берілуі 2026 жылдың көктеміне белгіленген.
Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы құйылып, қабырғалары көтерілуде. Жоба аяқталған соң кешенде спорт залдарының ішінде күрес, волейбол және футбол алаңдары болады.
Құрылыс барысында ауылдан 4 адам еңбекке тартылды. Ал кешен пайдалануға берілгеннен кейін 10 жаңа жұмыс орны ашылады.
– Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасауға бағытталған. Ауылда бүгінде шамамен 3000 тұрғын өмір сүреді, олардың басым бөлігі – жастар, - деді Песчан ауылдық округінің әкімі Серікбай Әліқпаров.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта ауылда «Балдырған» балабақшасы мен екінші мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде іске асуда.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың тамыз айында Песчан ауылында көше жарықтандыру жұмыстары басталып, сол жылдың желтоқсан айында аяқталды. Жобаны «Песчан жөндеу-механикалық зауыты» толықтай өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Барлығы тоғыз көшеге 94 көше шамы орнатылып, 2023 жылдың бесінші қаңтарында Песчан ауылдық округі әкімінің балансына ресми түрде тапсырылды.
Қазіргі таңда әкімдік тек көше жарығын тұтыну ақысын және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Егер шамдар істен шыққан жағдайда, оларды жөндеу немесе ауыстыру жұмыстары да жергілікті әкімдік тарапынан жүргізіледі.