Павлодар облысында жиі кімдер сталкингтің құрбаны болады?

Павлодар облысында жиі кімдер сталкингтің құрбаны болады?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мазалаушы құрбанын көбіне әлеуметтік желіде аңдиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері Павлодар облысында 19 қылмыстық іс қозғалған. 

Павлодар облысы полиция департаменті анықтау басқармасының аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Әйгерім Әбікееваның айтуынша, сталкинг үшін жауаптылықты көздейтін бап өткен жылдан бастап қолданысқа енгізілген. Құқық қолдану тәжірибесі әлі де қалыптасу кезеңінде.

Тергеу қорытындысымен алты іс сотқа жолданды. Ал 10 іс бойынша тараптардың татуласуына байланысты өндіріс тоқтатылды, – деді Әйгерім Әбікеева.

Талдау нәтижесіне сәйкес, зардап шеккендердің басым бөлігі – 30-39 жас аралығындағы азаматтар. Бұл сталкингтің көбіне еңбекке қабілетті, әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан белсенді адамдарға қатысты жасалатынын көрсетеді. Жәбірленушілердің негізгі бөлігін әйелдер құрайды.

Көп жағдайда қудалаушы бұрынғы жұбайы немесе бұрын жақын қарым-қатынаста болған адам болып шығады. Ал таныстар мен бейтаныс адамдар тарапынан жасалатын мұндай әрекеттер сирек кездеседі.

Әйгерім Әбікееваның айтуынша, өңірде әлеуметтік желілер арқылы мазалау, жүйелі аңду, маза бермейтін телефон қоңыраулары мен қайта-қайта хабарлама жіберу секілді сталкинг түрлері анықталған. Көп жағдайда мұндай әрекеттер бір қылмыстық іс аясында қатар орын алады. Онлайн және оффлайн сталкинг бойынша жеке статистика жүргізілмейді, өйткені мұндай қудалау көбіне аралас сипатта болады.

Талдау барысында кейбір істерде сталкинг қорқыту және өзге де заңға қайшы әрекеттермен қатар жүргені анықталған. Дегенмен олардың ауыр қылмыстарға ұласқан жағдайлары тіркелмеген.

Егер қорғау нұсқамасының талаптары бұзылса, бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда полиция материалды сотқа жолдайды. Соттың шешімімен кінәлі адам 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.

Ішкі істер органдары тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қойып, құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелесу жүргізеді, қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасын шығарады. Сонымен қатар, жәбірленушілерге құқықтары мен қорғану жолдарын түсіндіріп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты ұйымдастырады.

Азаматтар осындай жағдайлар бойынша полицияға жүгінген кезде ішкі істер органдары заңда көзделген тәртіппен 30 тәулікке қорғау нұсқамасын шығара алады. Осы мерзім ішінде күдіктіге жәбірленушімен кез келген байланысқа шығуға тыйым салынады. Яғни оған телефон соғуға, SMS немесе әлеуметтік желілер арқылы хабарлама жазуға, аңдуға, соңынан жүруге және өзге де мазалау әрекеттерін жасауға болмайды, – деді аға анықтаушы.

Қазақстан бойынша сталкинг деректері ең көп тіркелген өңір – Астана қаласы. Мұнда 55 қылмыстық іс есепке алынған. Ең төмен көрсеткіш Қостанай облысында – үш іс. Ал Павлодар облысы тіркелген қылмыстық істер саны бойынша республика өңірлері арасында ортаншы орында тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда бұрынғы сүйіктісін екі жыл бойы қудалап, тыныштық бермеген ер адам жауапқа тартылған болатын.