COVID-19 салдары: Павлодар облысында жүрек ауруы жиілеген
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай қаладағы кардиоорталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жылына 600-ден астам азаматтың жүрегіне күрделі ота жасайтын орталықтың жұмысында тыным жоқ. Ашылғанына он жылдан асқан нысандағы арнайы құрылғылардың дені ескіріп қалған.
– Алдағы уақытта үздіксіз жұмыс істеп тұрған аппараттарды жаңарту жүргізілмек. Қосымша балалар жүрек ауруларын емдеу бағытын кеңейту көзделуде. Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, – деп жазды Іnstagram әлеуметтік желісінде Жарқынбек Амантай.
Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын жүрек-қан тамырымен ауыратын тұрғындардың саны артып келеді. Оған адам ағзасына көп зақым әкелген коронавирус індеті себеп болған.
Айта кету керек, бүгінде елімізде осындай жүрек-қантамырларын емдейтін бес орталық бар.