Павлодар облысында жыл басынан бері 100-ге жуық шетелдік ел аумағынан шығарылды
Олар көші-қон заңнамасын бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында тұрақты түрде нысаналы тексерулер мен рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
– 9 айдың қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын түрлі бағытта бұзғаны үшін 6279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 1504-і – шетел азаматы. Сот шешімімен 99 шетелдік азамат әкімшілік тәртіппен ел аумағынан шығарылды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 119 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының азаматтығын 595 шетел азаматы алса, облыстың 254 тұрғынына елден тұрақты кетуге рұқсат берілді. Олардың 94-і алыс шетел мемлекеттеріне, ал 160-ы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне қоныс аударуға ниет білдірген.
Айта кетелік, жыл басынан бері өңірдің 64961 тұрғыны жеке куәлікпен және паспортпен құжаттандырылды.