Павлодар облысында жыл басынан бері 60-тан астам велосипед ұрлығы тіркелді
Полицейлер тұрғындарды екі дөңгелекті көліктерді қараусыз қалдырмауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай қылмыстардың негізгі себептерінің бірі – азаматтардың өз мүлкіне салғырт қарауы. Велосипедтер көбіне көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде немесе аулаларда қараусыз қалдырылған кезде ұрланады.
Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмыстарды көбіне жасөспірімдер жасайды. Сонымен қатар тұрғындардың өздері де бейтаныс адамдарды кіреберіске еш кедергісіз кіргізіп жатады.
Құқық қорғау органдары велосипед ұрлығын ашу кезінде тағы бір қиындыққа жиі кездеседі. Жәбірленушілердің көбі велосипед жақтауының нөмірін білмейді немесе оның техникалық құжаттарын сақтамаған.
Полиция тұрғындарға велосипедті, тіпті аз уақытқа болса да, қараусыз қалдырмауға, сенімді құлыптарды пайдалануға және мүмкіндігінше оны жабық үй-жайда сақтауға кеңес береді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары кіреберісте күмәнді адамдарды байқасаңыз, 102 нөміріне хабарлауды сұрайды. Олардың айтуынша, қарапайым сақтық шаралары велосипед ұрлығының алдын алуға көмектеседі.