Железин ауданында шенеунік қызметтік тұрғын үйлерді заңсыз үлестірген

Жалға алушылар пәтердің ақысын төлемей, қарызға батты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудандық прокуратура Железин ауданы экономикасының нақты секторы бөлімінің жалдамалы қызметтік тұрғын үй жекешелендіруді, беру және бөлу қызметі кезінде заңдылықты сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізді. Тексеру барысында бөлім басшысы қолданыстағы заңнаманың талаптарын өрескел бұзғаны, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы заңсыз беру арқылы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны анықталды. Жалпы кезекте тұрған жергілікті атқарушы орган қызметкерлерге үй сатып алу үшін 367 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді.
Шенеуніктің жасаған әрекеттері әдеп жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында қаралды. Десе де, ол өз қылықтарын түсіндіріп өтуге тырысты.
– Мысалы, тұрғын үй комиссиясының отырысы өткізілмей, Железин ауылында Сәтбаев көшесіндегі 15 үйдің 3-пәтері аудан әкімі аппаратының басшысына берілді. Бұл ретте лауазымды тұлға тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде 89 орында тұрды. Бөлім берешекті өндіріп алу бойынша тек жеті тұрғынға қатысты шаралар қабылдады. Алайда берешек сомасы едәуір көп жиналып қалған басқа да тұрғындар бар, – деді Железин ауданы прокурорының міндеті атқарушы Еламан Жұмашев.
Шенеунік өзінің жасаған әрекеттерін мойындап, қателік жібергенін жоққа шығармады.
– Иә, осындай жағдай болды. Аппарат басшысы сол пәтерде 8 ай тұрды. Железин ауданы әкімінің аппаратында пәтер болған, бірақ сол жерде әкімнің орынбасары тұрған. Ол 2024 жылдың наурызында кетті. Ал аудан аппаратының басшысында екі кәмелетке толмаған бала бар, оның біреуі жақында қайтыс болды. Үнемі жұмыста болғандықтан пеш жағуға мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан ол орталық жылытуы бар бір бөлмелі пәтер берілді. Қазіргі уақытта ол жұмыстан шықты. Сәйкесінше ол тұрғын үй бос, – деді лауазымды тұлға.
Оның сөзінше, қалған берешек жалға алушылар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Ережелер бойынша комиссия жиналуы керек еді. Сіздің жалғыз шешім қабылдауға құқығыңыз жоқ. Ол үшін тұрғын үй комиссиясы қарастырылған. Онда жұртшылық, депутаттық корпус жиналады. Сол жерде алқалық шешім қабылданады. Қызметтік пәтерді жалға беру тәртібі сақталмады, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендиров.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бірауыздан келісімге келіп, Железин ауданы экономиканың нақты сектор бөлімінің басшысына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактісі бойынша «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.