Павлодар облысында жалған нөмір қолданған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды
Өткізілген іс-шаралар барысында облыс жолдарында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланған 12 автокөлік жүргізушісі тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьяновтың айтуынша, жалпы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 431 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 141 жүргізуші – оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғаны үшін, 23 – нөмірлік белгілерсіз көлік басқарғаны үшін, 12 – жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланғаны үшін, 118 – көлік басқару кезінде мобильді құрылғыларды қолданғаны үшін, 119 – қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, 16 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 32 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
– Рейдтік іс-шаралар «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілуде. Мәселен, «Омск–Майқапшағай» тас жолында белгіленген талаптарға сай келмейтін жалған нөмірлерді пайдаланған КамАЗ маркалы автокөлік тоқтатылды. Сондай-ақ, «УАЗ» маркалы автокөлік жүргізушісі де белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін нөмірлік белгілермен қала ішінде қозғалған. Аталған екі жүргізуші де Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары процессуалдық шешім қабылданғанға дейін арнайы автотұраққа қойылды, – деді Бәкібай Ахмедьянов.
Полиция жалған немесе өзгертілген мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып табылатынын және заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салады. Мұндай іс-шаралар жолдардағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.