Павлодар облысында жоғалған тұрғын Ресейде табылды
Жыл басынан бері полицейлер жоғалған 24 адамды тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 24 шілдесінде полицияға ұлының жоғалып кеткені туралы арызбен анасы жүгінген. Ол екі күн бұрын 48 жастағы ұлы үйден кетіп қалып, әлі оралмағанын айтқан. Жоғалған адамды іздеуге полицияның жеке құрамы мен күштер жұмылдырылды. Іздестіру шараларына еріктілер де тартылды.
– Полицейлер іздестіру барысында хабар-ошарсыз кеткен адамды 31 шілдеде көрші мемлекеттің Барнаул қаласында тапты. Ер адам туыстарымен жанжалдан кейін үйден кетіп, 10 күн бойы байланысқа шықпаған, – деді департаментте.
Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары жоғалған 24 адамның орналасқан жерін анықтап, үйіне қайтарды.