Павлодарда құны миллион теңгеден асатын қандай оталар жасалды?

Павлодарда құны миллион теңгеден асатын қандай оталар жасалды?
Фото: pexels.com

Қымбат оталардың біріне аортокоронарлы шунттау жатады. Оны жасату үшін үш  миллион теңге қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Медициналық сақтандыру қоры есебінен науқастарға қымбат оталар жасатылады. Олар тек сақтандырылған тұрғындар ғана үшін қолжетімді болып табылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Ахметжанова мәлімдеді. 

– Сақтандырлыған тұрғындар үшін құны бір миллионнан бастап, сегіз миллионға дейін жететін қымбат оталар жасай алады. Бұл қаражаттың ішіне науқастың оңалтуы да кіреді,– деді спикер. – Мысалы, аортокоронарлы шунттеуді 2,9 миллион теңгеден бастап жасайды.  

Қордың мәліметінше, ең қымбат оталардың тізіміне дефибриллятор имплантациясы кіреді. Бұл құрылғы арқылы жүректің тоқтап қалуына жол бермей, жүрек ырғағының бұзылуы  қауіпін азайтуға көмектеседі. Жыл басынан павлодарлық дәрігерлер осындай отаны 37 рет жасаған. Әр отаның құны сегіз миллион теңге тұрады.  Жамбас немесе тізе буындарын ауыстыру 1,5 миллион теңгеге, ал уролитияны соққы толқынды терапиясының көмегімен жедел емдеу 346 мың теңгеге жасатылады. 

2023 жылы әлеуметтік сақтандыру желісі бойынша медициналық көмек көрсету үшін МӘМС қоры 38 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл өңірдегі мұқтаж тұрғындарға  осындай жоғары технологиялық оталарды жүргізуге мүмкіндік береді.